22:42, 11 Шілде 2016 | GMT +5
Елордада 250 жуық жетім бала арт-терапиядан өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Арена» стадионының алдындағы алаңда «В ритме дружбы» қайырымдылық шарасы өтті. Психологтар мен арт-терапевттер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап коммуникативтік дағдыларды дамытуға және өз-өзіне деген сенімді арттыруға бағытталған түрлі ойындар ұйымдастырды, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Акция бағдарламасы тәжірибелі мамандармен әзірленді, арт-терапияның түрлі әдістері балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға, ойлау қабілеттілігі мен қажетті әлеуметтік машықтарын дамытуға мүмкіндік берді.
«Акция осындай ауқымда алғаш рет өткізіліп отыр, сондай-ақ, ойын, іс-қимыл және елес-қиял арқылы қарым-қатынас құруға бағытталған. Бұл шара балаларды әлеуметтік бейімдеуге және өз бетінше өмір сүруге дайындауға арналған», - дейді Best for Kids қоғамдық қорының президенті Сая Кәкім.
Айта кетейік, шараға астаналықтар ғана емес, сонымен қатар Ақмола облысының да балалары қатысты.