Елордада 278 сайлау учаскесі құрылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарын сайлауға дайындық барысы туралы Астана қалалық сайлау комиссиясының есебі ұсынылды.
Астана қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Игілік Жалбыров отырыс барысында қалада қалалық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 25 сайлау округі, 278 сайлау учаскесі құрылғанын, олардың 213-і қала аумағында және 65-і Қазақстан Республикасының шетелдегі өкілдіктерінің жанында орналасқанын атап өтті.
«Астана қаласы бойынша сайлауды ұйымдастыруды және өткізуді жалпы саны 2149 мүшесі бар 307 сайлау комиссиясы, олардың ішінде 4 аумақтық, 25 округтік және 278 учаскелік комиссиясы жүзеге асырады», - деді ол.
Оның атап өтуінше, қалалық сайлау комиссиясы сайлау комиссияларын оқытуды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлуде. Ол үшін семинар, тренинг, кеңестер өткізуден бастап қажетті сайлау құжаттарымен және әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуге дейін, түрлі нысандарды қолдануда.
«Қазіргі уақытта қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу жүргізілуде. 2016 жылғы 9 ақпандағы жағдай бойынша 25 сайлау учаскесінде 27 кандидат ұсынылды. Оның екеуі Қазақстанның коммунистік партиясы атынан сайлауға түспек. Қазіргі уақытта 3 кандидат тіркелді. Ұсынылған кандидаттардың барлығының да жоғары білімі бар», - деді И.Жалбыров.