Елордада 34 техникалық және кәсіптік білім беру колледжі бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада 34 техникалық және кәсіптік білім беру колледжі бар. Бұл туралы бүгін «Кәсіптік білім және бизнес: серіктестер сұхбаты» атты V халалық форумда Астана қалалық білім беру басқармасының бастығы Эльмира Суханбердиева мәлім етті.

Елордада 34 техникалық және кәсіптік білім беру колледжі бар

«Бүгінгі таңда Астанада кәсіптік және техникалық білім беретін 34 мекеме жұмыс істейді. Оның 12-сі мемлекеттік, ал 22-сі мемлекеттік емес білім беру мекемесі. Оларда мыңнан астам адам білім алуда», - деді басқарма басшысы.

Э.Суханбердиеваның сөзіне қарағанда, жоғарыда аталған барлық білім беру мекемелері республиканың одан ары инновациялық тұрғыда дамуына және еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыруға қажетті мамандарды дайындау ісіне өз үлестерін қосуда.

Айта кетерлігі, форумның негізгі мақсаты ынтымақтастық туралы жаңа келісімдер, келісімшарттар мен меморандумдар жасасу, білім беру мекемелері мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы байланыстарды үйлестіру, Астана қаласының кәсіпорындарын білікті мамандармен қамтамасыз ету болып отыр. Шара аясында кәсіптік және техникалық білім беру саласындағы мекемелердің арнайы көрмесі ұйымдастырылған.