22:31, 06 Шілде 2016 | GMT +5
Елордада 35 мың текше метрден астам су сорылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада қалың жаңбыр жауып, күн күркіреді. 25 минуттың ішінде 8 мм (айлық норма 49 мм) жауын-шашын түсті. Қалалық коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Жалпы алғанда, елорда көшелерін тазартуға 90 мамандандырылған техника мен екі сорғы станциясы тартылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 35 мың текше метрден астам су сорылды. Бұл ретте екі сағаттың ішінде 17 мың текше метр су жедел түрде жойылды. Қалалық коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуін жалғастырады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Синоптиктердің болжамынша, ертең, 7 шілдеде күн жауын-шашынсыз болады. Күндіз ауа температурасы +27°С дейін көтеріледі, түнде сынап бағанасы +16°С көрсетеді.