Елордада 4 мыңнан астам алаяқтық сайт бұғатталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада полиция қызметкерлері кибералаяқтыққа қатысы бар 48 адамды ұстап, жауаптылыққа тартты, олардың ішінде 4 шетел азаматы бар. 

полиция, Астана қаласы полиция департаменты
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Астанада «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындылары шығарылды, кибералаяқтыққа қатысты 200-ге жуық іс ашылды.

Елордада интернет-алаяқтықты қоса алғанда, ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы бағытталған «Anti-fraud» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Нәтижесінде полиция қызметкерлері кибералаяқтыққа қатысы бар 48 адамды ұстап, жауаптылыққа тартты, олардың ішінде 4 шетел азаматы бар. 200-ге жуық қылмыстық іс ашылды. Жәбірленушілерге 26 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.

SIM-карталарды заңсыз тіркегені үшін 4 адам ұсталды. Олардың қолынан қылмыстық схемаларда қолданылуы жоспарланған 400-ден астам SIM-карта тәркіленді.

Сонымен қатар, 4 мыңнан астам алаяқтық интернет-ресурс бұғатталды. «Дропперлерге» қатысты 15 қылмыстық іс қозғалды. Антифрод-орталықпен бірлескен жұмыс нәтижесінде заңсыз әрекеттерде пайдаланылған 3 мыңнан астам банк шоты бұғатталды. 

Айта кетелік Теміртауда ірі алаяқтық әшкереленген еді