Елордада 4 шілдеде «Шаттық» халықаралық жас дарындар фестивалі басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда «Шаттық» елорданың ғана емес, еліміздің де мәдени өміріндегі айшықты оқиғаға айналды. Шара жас дарындар үшін шығармашылық биіктерге даңғыл жол ашады.

Елордада 4 шілдеде «Шаттық» халықаралық жас дарындар фестивалі басталады

Сондай-ақ, түрлі мәдениеттерді жақындастырып, біріктіретін өзіндік көпірге айналды.

ХІ халықаралық жс дарындар фестивалі шілденің 4, 5, ,6 күндері «Қазақ елі» монументінің алдында өтеді.

Биылғы концерттік бағдарламаның тақырыбы - «Астана, мен сені сүйемін». Оған Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, Әзербайжан, Украина, Беларусь, Шешенстан (Ичкерия), Татарстан, Литва, Латвия, Болгария, Қытай, Түркия, Чехия т.б. мемлекеттердің өнерлі өрендері қатыспақ.

Байқаудың әділқазылар алқасына музыка әлемінің мэтрлері мен шеберлері жиналған. Қазылар алқасына КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова жетекшілік етеді.

Отбасылық шараның күндізгі бағдарламасына «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда әр бүлдіршіннің көңілін аулай алатын «Балалар әлемі» енгізілді. Сүйікті ертегі кейіпкерлерінің бейнесін сомдап, түрлі сайыс, эстафета, «Сиқырлы парашют» ойындарын ұйымдастыратын аниматорлар кішкентай астаналықтардың көңілін көтеретін болады. Сонымен қатар, сабынды көбіктер, сиқыршы-иллюзионистер, «серіппе адам», трансформер-роботтар және алып динозавр шоуы өтеді. Қолөнер сүйер қауым үшін ашық хаттар, қолдан әшекейлер жасауды, түрлі-түсті құмда сурет салуды, ермексаз жапсыруды, гипс мүсіндерді құйып, бояуды, «Эбру» суында сурет салуды үйрететін шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.

Балалар мейрамын Астана, Сербия және Перу Республикаларының қуыршақ театрлары да көріктендіре түседі.

Кешкі шоу-бағдарламасына «X-фактор» мен «Қазақстан дауысы» жобаларының қатысушылары, иллюзионистер, әлемдік цирк алаңдарында танымал атанған Астана циркінің әртістері қатысады.

Бұл мерекеге Ұлттық КТК лигасының көңілді мүшелері де әзілдерін ала келеді. Ал әр концерт күні Айқын Төлепберген, Мадина Сәдуақасова, Бауыржан Исаев, Алмас Кішкенбаев, «Кешью» тобы, Айгүл Иманбаева, Әли Оқапов, Индира Еділбаева, Кәмшат Жолдыбаева, Маржан Арапбаева сынды эстрада жұлдыздарының әндерімен аяқталып отырады, деп хабарлайды astana.kz.