Елордада 5 мектеп пайдалануға беріледі

Жаңа оқу жылында елімізде жаңа 68 мектеп шәкірттерді құшақ жая қарсы алады. Астана қаласында 5 білім ұясы пайдалануға беріледі. Соның бірі - №75 көпсалалы гимназиясы.
Мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған бүлдіршіндеріміз үшін бүгін өмірлеріндегі ең маңызды сәт. Оқу ордасы білім нәрімен сусындатып, түлетіп ұшырады. Шәкірттердің ұлағатты ұстазбен кездесуді асыға күтіп отырғанын қолдарындағы гүлдері мен бал-бұл жайнаған жүздерінен аңғаруға болады. Ал білім ұясы 1200 оқушыға арнап салынған. Көпсалалы гимназияда жаратылыстану және гуманитарлық бағыттағы сыныптар бар. Сонымен қатар тіл кемістігі бар балалар да білім алады.
Жалпы жаңа оқу жылында елордада 13 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын аттайды. Ал жалпы Астанада 5 жаңа оқу ордасы есігін айқара ашып отыр. Заманауи талаптарға сай оқу ордаларының әрқайсысы өзіндік білім беру әдісімен ерекшеленеді. Бірі физика-техникалық бағыттағы виртуалды зертхана, мультимедиалық сыныптарымен жабдықталса, кейбірі инклюзивті білім беруге мақсатталып отыр. Сонымен қатар қазан айында тағы да 4700 орындық 4 мектептің құрылысы аяқталады.