Елордада 55 жүкті әйел коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада 55 жүкті әйел КВИ-ге қарсы ем алып жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елордада коронавирусты инфекцияны емдеу үшін 9 стационар жұмылдырылған. Онда 1 734 төсек-орын, оның ішінде 149 реанимациялық төсек бар. Қуанышымызға орай, қазір ковид инфекциясымен сырқаттану жүкті әйелдер мен балалар арасында аз кездесіп отыр. Бүгінгі таңда 55 жүкті әйел КВИ-ге қарсы ем алуда. Оның ішінде 23 әйел стационарда жатыр. Ковидпен ауыратын 40 бала стационарлық жағдайда емделіп жатыр», - деді Тимур Мұратов елорда әкімдігінде өткен брифинг барысында.
Оның айтуынша, көрсеткіштер жақсарғанымен босаңсуға болмайды. Вирус толығымен жойылмағанын және пандемияның барын есте сақтаған жөн.
«Жағдайдың біршама тұрақтануына байланысты біз мобильді бригадалардың жұмысын қайта қарастырдық. Қаңтар айының ортасынан бастап бұл бригадалар амбулаториялық пациенттерді тәулік бойы бақылап отырды. Қазір олар бұрынғы жұмыс кестесіне - таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін қайта көшті. Бүгін амбулаториялық емдеуде 4 200-ден астам адам бар. Жедел жәрдем станциясына жүктеме де аздап төмендеді. Егер қаңтардың басында қоңыраулар саны тәулігіне 4 мыңға жетсе, қазір бұл көрсеткіш күніне 2 000-ге дейін азайды. КВИ мәселелері бойынша және орта есеппен 80-100 адам қоңырау шалады», - деді басқарма басшысы.