Елордада 568 жарнама мәтініндегі қателер түзетілді

Жыл сайын мемлекеттік қызметшілер, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, білім беру саласының мамандары, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері және қала тұрғындары үшін мемлекеттік тілді үйрету курстары ұйымдастырылады. Тегін курстарға кез келген адам қатыса алады. Жыл басынан бері 1500 адам қазақ тілі курсын тәмамдаған. Соның ішінде 116-ы мемлекеттік қызметші, 1125-і әлеуметтік сала мекемелерінің өкілі, 100 адам этномәдени бірлестіктер мүшесі. Бұдан бөлек, елорда тұрғындары ағылшын тілін үйренуде белсенділік танытуда. Осылайша, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық аясында Тілдерді дамыту басқармасында түрлі сала қызметкерлеріне шет тілін үйрету жұмыстары қолға алынды. Қазіргі кезде шет тілдерін үйрену курсында 450 қызметкер оқып жатыр. Басқарма жұмысының маңызды бағыттарының бірі - жарнама мәтіндерінде белгіленген заңнама нормаларын сақтау. Басқарма қызметкерлері 1790 жарнама және визуалды ақпарат нобайына сараптама жүргізді, 568 жарнаманың мәтініндегі қателер түзетілді. Сонымен қатар, жыл басынан бері жарнама және визуалды ақпараттар мәтіндерін тексеру үшін 55 рейд ұйымдастырылды. Тексеру барысында 321 мәтіннен қате табылды, оның ішінде 105-і түзетілді. Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы жарнама берушілер мен кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, семинарлар, байқаулар өткізеді, жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілге аудару мәселелерін талқылайды.