Елордада 6 балабақшада мерзімі өтіп кеткен дәрілік препараттарды сақтау фактілері анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада 2 балабақшаның медициналық қызметті жүзеге асыру лицензиясы жоқ. Бұл туралы бүгін Астана қаласының аға прокуроры Шолпан Қошенова мәлім етті.
Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі оқу үдерісін ұйымдастыруға қойылатын талаптар дұрыс орындалмайтындығын атап өткен ол: «Оқу-ұйымдастыру қызметі кестелерінің сәйкес болмауы, тәрбиешілер циклограммаларының бекітілген сабақ кестелеріне сәйкес келмеуі, тиісті оқу жылдары арналған үлгілік оқу жоспарларының болмауы сияқты сипаттағы бұзушылықтар орын алуда», - деді.
Оның сөзіне қарағанда, бұндай бұзушылықтар «Гауһар», «Ақбөпе», «Қайнар», «Қызғалдақ», «Самал», «Алтынай», «Жұлдыз», «Қарақат», «Береке», «Шолпан» сынды 18 балабақша қызметінде анықталған.
«Медицина кабинеттерін және балабақшаның дәрі қобдишаларын тексеру барысында 6 балабақшада сақталу мерзімі өтіп кеткен дәрілік препараттарды сақтау фактілері анықталды. Сонымен қатар №72-ші «Жанарым», №74-ші «Дәурен» балабақшаларында медициналық қызметті жүзеге асыру лицензиясының жоқ екендігі белгілі болды», - деді Ш.Қошенова.