Елордада 68 мыңға жуық азамат біржолғы ақшалай жәрдемдер алады

АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде елордада халықты әлеуметтік қорғау жүйесі тиімді жұмыс істеп, дамып келеді. 

Елордада 68 мыңға жуық азамат біржолғы ақшалай жәрдемдер алады

Биылғы жылы жергілікті бюджеттен төленген жалпы жәрдем көлемі  2 523 877 теңгеден астам, деп хабарлайды елорданың ресми сайты.

Аталған қаражат  әлеуметтік мекемелерді ұстауды қамтамасыз етуге, тұрмысы төмен азаматтар мен  тұрғындардың жекелеген санаттарын  әлеуметтік қолдауға бағытталды. Бұл туралы  қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарасының бастығы Алма Алтыбаева кеше елорда мәслихатында өткен «Депутат күні»  іс-шарасы барысында  мәлім етті. 

Оның айтуынша, бүгінгі күні Астанада 68 мыңға жуық  азамат  қалалық бюджеттен мерекелер мен айтулы күндері біржолғы ақшалай жәрдемдер  алады. Олардың - 318-і Ұлы Отан соғысының мүгедегі мен қатысушысы және  1 873-і оларға теңестірілгендер.  Ал,  4 608 адам тыл еңбеккерлері болса, 3 887-і  18 жасқа дейінгі төрт және одан да көп балалары бар көпбалалы отбасылар.  3 478-і  «Алтын алқа» және  «Күміс алқа» белгісін иеленген  аналар. Осы азаматтардың қатарында    тұрмысы төмен 2000 отбасы және 17 211 барлық санаттағы мүгедек бар.