Елордада 8 көлікті заңсыз сатқан автосалон менеджері 6 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада автосалонның сату бөлімінің менеджері жалпы құны 53,1 млн теңге болатын сегіз автокөлікті заңсыз сатып, тағы үш көлікті жеткізуге уәде беріп, сатып алушыдан 16,5 млн теңге алған. Сот оны алты жылға бас бостандығынан айырды.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының материалдарына сәйкес, сотталушы автодилерлік ұйымның сату бөлімінде менеджер болып жұмыс істеген. Ол жалған құжаттар рәсімдеу арқылы жалпы құны 53,1 млн теңге болатын сегіз JAC J7 автокөлігін заңсыз сатып, сатып алушылардан түскен ақшаны кәсіпорын кассасына өткізбеген.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы қаңтарда ол бір сатып алушыға осы маркадағы үш көлікті төмендетілген бағамен алып беруді ұсынған. Алайда 16,5 млн теңге алғанымен, көліктерді бермей, ақшаны өз қалауы бойынша жұмсаған. Осылайша, келтірілген жалпы залал 69,6 млн теңгені құрады.
Сот қандай жаза тағайындады?
Прокурор сотталушыны сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал сотталушы мен оның қорғаушысы әрекеттерінің бір эпизодын қайта саралап, жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, неғұрлым жеңіл жаза тағайындауды өтінген.
Сот бірінші эпизодты сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алудан алаяқтыққа қайта саралады. Өйткені сотталушы автокөліктерді материалдық жауапкершілікке қабылдамаған, олардың сақталуына жауап бермеген және оларды өз бетінше сату мен беру өкілеттігіне ие болмаған.
Жаза тағайындау кезінде сот оның кінәсін мойындап, өкінуін, кәмелетке толмаған баласының барын және бұрын сотталмағанын ескерді. Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
— Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша сотталушы алты жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған сегіз жыл бойы коммерциялық ұйымдарда тауарлар мен қызметтерді сатуға байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ, — делінген сот үкімінде.
Жақында Астанада сатып алушыларды алдаған автосалон директоры сотталғанын жазған едік.