Елордада 82 мыңға жуық азамат уақытша тіркеуге тұрды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың басынан бері елордада 82 мыңға жуық азамат уақытша тіркеуге тұрды. Бұл жайында Астана қалалық көші-қон полициясы басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«6 қаңтар мен 7 ақпан аралығында Астанада 40810 азамат тұрақты, ал 81942 адам уақытша тіркеуге тұрды. Жалпы, аталған кезеңде 122 752 адам тіркелді», - деп мәлім етті елордалық көші-қон басқамрасының өкілдері «Белсенді азамат» акциясы аясында.
Көші-қон полициясы өкілдерінің айтуына қарағанда, қазіргі уақытта Халыққа қызмет көрсету орталықтарында уақытша тіркеуге байланысты дүрбелең басылған. Елордадағы 6 Халыққа қызмет көрсету орталығында күніне орташа есеппен 2 мың адам тіркелуге келеді.
Айта кетейік, Қазақстан азаматтарын уақытша тіркелуге міндеттейтін заң қаңтардың 7-сінен бастап күшіне енген болатын. Бұған дейін тұрақты тіркеу міндеті болған. Енді, өз үйіне адамдарды тұрғызғаны үшін жауапкершілік енгізіліп отыр. Оларды уақытша тіркеуге қою қажет. Аталған норма бір рет бұзылса, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал бір жылдың ішінде тағы қайталанса, айыппұлдың көлемі екі есеге артады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, құқық қорғау органдары тұрақты тіркелген жерінде тұрмайтын және уақытша тіркеуі жоқ азаматтарға наурыздың ортасына дейін айыппұл салмайды.