Елордада А. Есенбаевтің мүсін мен графикалық көрмесі ашылды
СТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанадағы ҚР Бірінші Президентінің мұражайында ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Көркемөнер академиясының академигі Асқар Есенбаевтің жеке көрмесі ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көрме экспозициясына автордың соңғы 30-дан астам мүсін және графикалық шығармалары қойылған.
ҚР Бірінші Президентінің мұражайының директоры Алма Сағынғали «А. Есенбаев Қазақстанның танымал да, талантты мүсіншісі. Оның еңбектері әлемнің ірі мұражайларында қойылған. Соның ішінде Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында, Ресейдің Мемлекеттік Третьяков галереясында және АҚШ, Германия, Франция мен Италия елдерінде жеке коллекцияларда сақтаулы тұр», деді.
Көрермендердің айтуынша, оның шығармалары тірі жанмен тілдеседі, олармен мұңдасып, сырласады. Оларға өмірді, табиғатты, адам тағдырын түсінуге мүмкіндік береді. А.Есенбаевтің бұл алғашқы көрмесі емес. Оның шығармалары қазақстандықтардың көңілінен жылы орын алған.
Қазақстанның көркемөнер өміріне 1980 жылдары келген А.Есенбаев «Балалар», «Юдифь», «Космогония», «Переславльдегі жаз» атты туындыларымен танымал болды.
Көрме ақпанның 23-не дейін жалғасады.