Елордада Абай күніне арналған халықаралық онлайн дәріс-концерті өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында Абай Құнанбайұлының туған күніне орай онлайн форматта дәріс-концерт өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәл қазір елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай Құнанбаевтың туған күніне орай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» атты онлайн-концерті өтіп жатыр.

Онлайн форматта өтіп жатқан айтулы шараның мақсаты – отандастарымыз бен алыс-жақын шетелдегі қандастарымызға Абай мен оның мұрасын одан әрі дәріптеу.

«Құрметті халайық, баршаңызды бүгінгі Абай күні мерекесімен құттықтаймын! Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Абай жылы жарияланды. Осыдан соң ұлы ақын мен оның шығармашылығына ерекше мән беріле бастады. Абайды Қазақстанда ғана емес әлем бойынша іздей бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, өткен жылдан бастап түрлі деңгейдегі шаралар қолға алынды. Соның бірі біздің университеттің қабырғасында ашылған «Абай академиясы». Одан бөлек, 20-дан астам зерттеу кітабы дүниеге келді. Бүгіннің өзінде ұлы ақынның құрметіне арналған түрлі шаралар өтіп жатыр және аталған шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп ойлаймын», - деді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов салтанатты шараның ашылу рәсімінде.

Айта кетсек, аталған онлайн шараға Иран, Түркия, Моңғолия және Германия елінен қазақ қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысып жатыр.



Соңғы жаңалықтар