Елордада «Абай оқулары» республикалық байқауы басталды

АСТАНА. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма  театрында Қазақстан халқы тілдерінің XI республикалық фестивалі аясында елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері арасында дәстүрлі «Абай оқулары» республикалық байқауы басталды,

Елордада «Абай оқулары» республикалық байқауы басталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті ұйымдастырып отырған байқауға еліміздің 14 облысы және Астана мен Алматы қалаларынан 18 бен 30 жас аралығындағы азаматтар қатысуда. 

Шараның негізгі мақсаты - мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру, қазақстандық рухани бірлікті, отансүйгіштік сезімді арттыру. Байқауға қатысушылар Абай шығармаларын қазақ және өз ана тілінде жатқа оқу, «Абай жолы» романынан жатқа үзінді оқу және Абай әндерін орындау арқылы бақ сынауда. 

«Бұл байқаудың тәрбиелік мәні өте зор. Осы азаматтардың қазақ тілін, мемлекеттік тілді меңгергенін көрсету басқаларға үлгі боларлық», дейді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті төрағасының орынбасары Мұхит Нұртазин.  

Республикалық байқауға жазушы Төлен Әбдік,  «Отырар» кітапханасы ғылыми орталығының директоры Тұрсын Жұртбай, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ақыш Омар, ҚР Парламенті Мәжілісінің редакциялық баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Төрегелді Тұяқбаев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, ақын Жанат Аймұханбетова төрелік жасауда.