Елордада «Абай» спектакліне 150 ұлттық костюм дайындалып жатыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік драма театры жаңа ғимаратқа көшпек.
Жаңа өнер ғимаратының шымылдығы «Абай» спектаклімен ашылады. Бүгінде аталған спектакль кейіпкерлеріне арналып 150 ұлттық костюм әзірленуде. Осы орайда спектакль костюмдері нобайының авторы, суретші және тігінші Қайролла Әбішев ҚазАқпарат тілшісіне жұмыс барысы туралы айтып берді.
«Мен үшін биылғы жыл жемісті болды. Оның дәлелі Абай жылында елордадағы қазақ драма театры жаңа ғимаратының шымылдығын ашатын «Абай» спектакліне арналған костюмдерді тігу маған бұйырды. Абай туралы қойылымға киім тігу мен үшін аса құрмет. Спектакль костюмдерін дайындау ісімен менімен бірге тағы 2 суретші айналысып жатыр. Ұлттық костюмдердің нобайын жасамас бұрын, сол заманғы киімдердің тарихымен таныстым. ХІХ ғасырдың киімдері маған ерекше әсер қалдырды және алдағы жаңа топтамамды әзірлеуде сол кезеңнің сән үлгісін қолданатын боламын», - деді Қайролла Әбішев.

Сондай-ақ, автор алдымен «Абай» спектаклінің сценариімен танысып шыққан.
«Ол заманда ауқатты адамдар қымбат матадан киімдер киген және ол маталарды көбіне шетелден алғызған, негізінен Қытай мен Үндістан елдерінен. Қазір 143 ұлттық костюм дайын, одан бөлек режиссер қосымша кейіпкерлердің болатынын айтты. Нәтижесінде спектакльде әртістер барлығы 150-дей ұлттық костюм киеді», - дейді ол.

Оның айтуынша, костюмдерді дайындауға бірнеше ай уақыт кетті және оған 15 маман жұмылдырылды.
«Спектакльде Абай өмірінің 5 кезеңі көрсетіледі. Яғни балалық шағынан бастап, өмірінің соңғы сәтіне дейін. Сәйкесінше жас ерекшелігіне қарай Абайды сомдайтын кейіпкерлерге 5 түрлі костюм дайындадық. Абай қазақ халқы үшін ұлы адам, сондықтан да бұл жұмыс ерекше ынта-жігер мен еңбекті қажет етуде», - деді автор.