Елордада «Абылай ханның арманы» тарихи драмасының премьерасы өтеді

АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - 12-13 желтоқсанда Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Абылай ханның арманы» атты тарихи драманың премьерасы өтеді. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап astana.kz хабарлады.

Елордада «Абылай ханның арманы» тарихи драмасының премьерасы өтеді

Қойылым Тәуелсіздік күні қарсаңында Абылай ханның 300 жылдығына орай көрсетіледі.

Авторы - белгілі жазушы, журналист, зерттеуші, драматург Думан Рамазан, қоюшы режиссері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Бұл Д.Рамазан мен Б.Ұзақов шығармашылығындағы екінші тарихи туынды болмақ. Бұған дейін 2010 жылы драматург пен режиссер үндестігінде «Кенесары - Күнімжан» атты тарихи драма дүниеге келіп, бүгінгі таңға дейін көрерменнің сүйікті қойылымына айналған.

Абылай ханның рөлінде «Қасым» фильмінде Халық қаһарманы - Қасым Қайсеновты сомдаған талантты актер Қуандық Қыстықбаев пен «Кенесары-Күнімжан» спектаклінде Кенесары бейнесін сомдаған, өнерсүйер қауым жылы қабылдайтын Сырым Қашқабаев ойнайды.