Елордада адам өлтірді деген күдікпен тұрғылықты мекен-жайы жоқ қаңғыбас ұсталды
АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат - Елордада адам өлтірді деген күдікпен тұрғылықты мекен-жайы жоқ қаңғыбас ұсталды, деп хабарлады Астана қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.
Ведомствоның атап өтуінше, 27 мамырда Астана қ. ІІД-нің жедел басқару орталығына қаланың бейітінің аумағында белгісіз әйелдің мәйіті табылғандығы туралы хабарлама келіп түскен. Жеке басын анықтау барысында аталған азаматшаның ұзақ уақыт бойы тұрғылықты баспанасы болмағаны және қаңғыбастықпен айналысқаны анықталған. Сонымен қатар ол екі аяғынан айырылған мүгедек болған.
Жедел іздестіру шарасын жүргізу барысында осы қылмыстың куәгерлері табылып, олар 1980 жылы дүниеге келген Ж. есімді азаматтың Орталық бейітте әйелге металл құбырмен дене жарақатын келтіргенін көргендіктерін айтқан. Келтірілген жарақаттың салдарынан жәбірленуші оқиға болған жерде қайтыс болған.
Ұсталған күдікті Астана қ. тұрғыны, осы уақытқа дейін қалалық зират ауданында қаңғыбастыққа салынған. Қазіргі уақытта ол Астана қ. ІІД-нің уақытша оқшаулау орнына қамалды.