Елордада «Адамның ғарышқа тұңғыш ұшуына 50 жыл» атты көрме ашылды
АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Елордада «Адамның ғарышқа тұңғыш ұшуына 50 жыл» атты көрме ашылды.
Қазіргі заманғы өнер мұражайында ұйымдастырылған мәдени шара барысында коллекционерлермен кездесулер өтіп, 100 конвертке ресми мөр басу, қонақтарға 100 төс белгілер мен 100 мерейтойлық күнтізбелер сыйлау шаралары өтті. Адамзат баласының ғарышты игеру кезеңінен сыр шертетін көрмеге 569 құнды жәдігер қойылған. Сондай-ақ олардың қатарында мәдени шараны өткізіп отырған мұражайдың қорынан алынан 4 туынды да бар.
Жәдігерлердің басым бөлігін құрайтын коллекционер В.Семеновтың 531 құнды заты, атап айтқанда Ю.Гагариннің кітаптары, ол туралы жазылған әдебиеттер, алғашқы мақалалар жарық көрген газет-журналдар, маркалар, конверттер, ғарышкердің шағын бейне-мүсіндері, кәдесыйлар, медальдар, төсбелгілер көрмені толықтыра түскен.
«Бүгінгі көрме - бірнеше жылдар бойы жүргізілген жұмыстың жемісі. Ғарышқа тұңғыш жол салған азаматқа деген алғысты, сол кездегі рухани тынысты, Кеңес одағындағы адамдардың сөзбен жеткізу мүмкін емес қуанышын, мақтанышын қазіргі заман адамдарымен бөліскім келді», - деді В.Семенов.
Көрме жұмысы 17 сәуірге дейін жалғасады.