Елордада Әділет үйінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен Әділет үйінің жаңа ғимараты ресми пайдалануға берілді.
Ғимараттың ашылу рәсіміне арнайы қатысқан елорда басшысы нысанды аралап, оның ақпараттық-коммуникациялық және инфрақұрылымдық технологияларымен жете танысты.
50 отырыс залы мен Астана қаласының соты, елордалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты, Есіл ауданының соты және Есіл ауданының №2 соты орналасқан ғимаратта сот отырыстарын жедел өткізуге мүмкіндік беретін барлық жағдай жасалған. Ғимаратта сот процестерін аудио-бейне тіркеу қондырғылары мен бейнебақылау жүйелері, бейне конференциялар өткізетін арнайы аппаратура орнатылған. Мемлекеттік баждар мен әкімшілік айыппұлдар төлеу терминалдары да орнатылып, азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасалған. Сонымен бірге СМС тарату және электронды пошта арқылы сот үдерістеріне қатысушылардың барлығын автоматты түрде хабардар етудің жүйесі қарастырылған. Ғимаратта прокурорлар, адвокаттар мен медиаторлар кабинеттері, 8 күту бөлмесі, мұражай жұмыс істейді.
Айта кетерлігі, бүгін дәл осы ғимаратта ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қ.Мәми, Жоғарғы сот Кеңесiнiң төрағасы Б.Бекназаров, Мемлекеттiк басқару академиясы Сот төрелiгi институтының директоры М.Бейбiтов, Судьялар одағының төрағасы С.Байбатыров, Жоғарғы соттың қадағалаушы сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы соттың судьялары мен қызметкерлерi, республикадағы облыстық және оған теңестiрілген соттардың төрағалары мен судьялары қатысуымен республикамыздағы соттардың 2014 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысының қорытындысы қаралған болатын.