Елордада ақпаратқа қолжетімділік мәселесі талқыға түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада «Тиімді мемлекеттік басқарудың қазіргі заманғы стратегиялары: ақпаратқа қол жеткізу, есеп беру және ашық болу» атты семинар өтуде.

Елордада ақпаратқа қолжетімділік мәселесі талқыға түсті

Шара алдында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров өз сөзінде қоғамдық кеңес құру туралы Заң жобасын Парламент қабылдап, Елбасы Н.Назарбаевтың қол қойғанын атап өте келе: «Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап, бұл заң өз күшіне енеді. Бізде қазір әртүрлі көптеген комиссиялар мен қоғамдық кеңестер республиканың түпкір-түпкірінде жұмыс істеп жатқанымен олардың негізгі атқарар қызметі белгілі бір мәселелермен ғана шектеледі. Ал жаңадан құрылатын комиссияның жұмыс ауқымы өте кең. Бұл мемлекеттік, қоғамдық тұрғыдағы мүдделелерді қамтиды. Мәселен, өңірдің, облыстың, үлкен қаланың бюджетінің жобасын талқылау немесе сол өңірдің, қаланың болашақ даму жоспары, бюджетті орындау есебі сынды мәселелер қарастырылады»,- деді.

Оның атап өтуінше, үш жыл сайын қоғамдық кеңестің аумақтық және орталық жаңа құрамы бекітіліп отырады. Аумақтық кеңестің құрамын жергілікті мәслихат бекітсе, орталық кеңес мүшелері орталық атқарушы органдардың бұйрығымен жасақталады. Оның үштен екі бөлігі қоғам өкілдерінен болады. Тіпті, жеке азаматтар да өзін өзі ұсына да алады. Ал үштен бір бөлігіне мемекеттік органдардың шенеуніктері кіруге құқылы. «Ол өте қажет. Мұндай институт қоғам мен биліктің ортақ ымыраға келуіне арналған. Оларда қоғам үшін, еліміз үшін пайдалы шешімдер қабылданып отырады», - деді Н.Әбдіров.