Елордада «Алаштың Астанасы» атты мәдени-патриоттық және интерактивті өнер кеші өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен 3 маусым күні Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Астана күні мерекесіне орай «Алаштың Астанасы» атты мәдени-патриоттық, интерактивті өнер кеші өтеді.
Бұл туралы аталған басқарманың баспасөз қызметі хабарлады.
Кештің мақсаты - ел мен жер, тіл мен діл, қазақ руханияты тақырыбын сазды әуенмен, сырлы сауалмен мерекелік көңіл күйде қозғай біліп, көрерменге мөлдір ой салу болмақ..
Ол жалықтырмайтын тарих, айта-айта жауыр болмаған мемлекеттік тіл, әсерлі де шынайы Астана, көңілді танымдық сұрақтар, аз-маз әзіл, құлақтан кіріп бойды алар әсем ән, шабыттандырар әсем би мен тәтті күймен өректеледі. .
Кештің жүргізушілері - Қыдырәлі Болман мен Қарақат Әбілдина.
Мәдени шараға белгілі өнер шеьберлері Секен Тұрысбек, Құрмаш Маханов, Маржан Арапбаева, Досымжан Таңатаров, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Медет Салықов, «Наз» би ансамблі, «Базар жоқ» театры, «Астана циркінің» өнерпаздары қатысады.
Сонымен қатар, кеш барысында жиналған көпшілікпен ұлттық сипаттағы викториналық ойындар ойнатылып, танымдық-интерактивті сұрақтар қойылып, туған тілі мен тарихын жақсы білетін қонақтар сый-сияпатқа ие болмақ.