Елордада алдағы үш күнде тегін экскурсиялар ұйымдастырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 6-9 мамыр аралығында Астана тұрғындары мен қонақтары «Red Bus» автобустарымен қаланың сол жақ жағалауына тегін саяхаттай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.
Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылған шараға қатысушылар «AiLand» (океанариум) көңіл-көтеру орталығын, «Хан Шатыр» орталығын, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасын, Ұлттық музейді, «Астана Бәйтерек» монументі мен «MEGA Silkway» сауда ойын-сауық орталығын аралап қайтады.
Автобустағы экскурсиялар қазақ және орыс тілдерінде аудиогидтің көмегімен жүргізіледі (бір рейс - қазақ тілінде, екінші рейс - орыс тілінде, ауысу арқылы).
Қоғамдық көлік «AiLand» және «MEGA Silkway» аялдамаларынан сағат 10:00-де (қазақ тілінде); 12:05-те (орыс тілінде); 14:30-да (қазақ тілінде); 16.35 (орыс тілінде); 16:35-те (орыс тілінде) және 18:40-та (қазақ тілінде) сапарға шығады.
Экскурсияны белгілі бір тілде ғана тыңдағысы келетіндер өздерімен бірге құлаққап алып келуі қажет.
Фото: redbus.kz