Елордада әлеуметтік саланың бірқатар нысанына жылу берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада әлеуметтік саланың бірқатар нысанына жылу берілді. Бұл туралы бүгін 2014-2015 жылдары жылу беру маусымына дайындық қорытындысына арналған кеңесте Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.

Елордада әлеуметтік саланың бірқатар нысанына жылу берілді

«Қазірдің өзінде Астана қаласында 29 денсаулық сақтау нысанының 14-іне жылу беріле бастады. Бұл 48 пайызды құрайды. 64 балабақшаның 51-і, 57 мектептің 28-і жылу беру жүйесіне қосылды», - деді қала басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік саладағы 170 нысанның 103-іне жылу берілді. Ал дүйсенбіден бастап елорданың барлық балабақшаларында, мектептерінде, денсаулық сақтау ныснадарында жылу берілетін болады.

Айта кетерлігі, қала әкімдігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта орталықтан жылытылатын 2115 көппәтерлі тұрғын үйдің 2086-сында алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары аяқталған. Алматы ауданы -100 пайыз, Есіл ауданы - 93, ал Сарыарқа ауданы 98,1 пайыз дайын.