Елордада алкогольсіз сусындардың 19 пайызы техникалық регламентке сай емес

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында сатылып жатқан алкогольсіз сусындардың 19% техникалық регламентке сай емес. Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі осындай мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Әсіресе жазда алкогольсіз сусын тұтыну мөлшері артады. Солардың көбінің жапсырмасында сусын құрамында шырындар, емдік шөптердің сығындылары, дәрумендер мен сергітетін заттар бар екені жазылады. Бұл сусындар бұлшықет белсенділігін уақытша ынталандырып, серотонин арқылы көңіл-күйді көтереді. Шөлді, тіпті қарынның ашқанын қысқа уақытқа басады. Танымал алкогольсіз сусындардың пайдасы осы ғана. Ал олардың, әсіресе энергетикалық сусындардың нақты зияны бар. Мысалы, үнемі қолдану адам ағзасының патологиясына, тіс эмалінің бұзылуына және тез салмақ қосуға, қант диабетіне, гипертонияға, атеросклерозға және басқа ауруларға әкелуі мүмкін», - дейді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Қарлығаш Әбдішева.

Нұр-Сұлтан қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті импорттық және отандық өндірістен шыққан алкогольсіз сусының 63 үлгісіне, оның ішінде энергетикалық сусынның 23 үлгісіне сараптама жасапты.

«Зерттеу қорытындысы бойынша, Еуразия экономикалық одағының техникалық регламент талаптарына 12 импорттық сусын, оның ішінде 5 энергетикалық сусын сынамасы сәйкес келмеді», - дейді маман.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің өкілі нормадан шектен тыс ауытқыған өнімдерді атады:

- «Monster Ultra Can» энергетикалық сусыны», Өндірушісі: Refresco Manalux B,V, Orange Nassaulaan 44, Нидерланд Корольдігі (партия нөмірі: J2129D5, шығарылған күні: 10.2021 ж., жарамдылық мерзімі: 10.2023 ж. дейін),

- «Монстр «Энерджи Ультра», алкогольсіз сергітетін газдалған сусын. Өндіруші: Refresko Banalux B. V., Orange Nassaulaan 44, BX, Maarheeze, Нидерланд Корольдігі (партия нөмірі: H2101 D5, шығарылған күні: 08. 2021 ж., жарамдылық мерзімі: 08.2023 ж.),

- «Натахтари» лимонады». Өңдіруші: «Ломиси» АҚ, Грузия (партия нөмірі көрсетілмеген, дайындалған күні: 17.02.2022 ж., жарамдылық мерзімі:270 тәулік).

«Бұлардың құрамында натрий бензоаты концентрациясының 1,1-1,2 есеге дейін артқаны анықталды. Кей адамдарда натрий бензоаты аллергиялық реакция тудырады. Натрий бензоаты мен аскорбин қышқылының өзара әрекеттесуінен туындаған бензол қатерлі ісіктердің пайда болуына себеп болуы мүмкін. Өнім қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу аясында елорданың сауда сөрелерінде жарамдылық мерзімі өткен сусындарды сатуға жол берілетіні белгілі болды. Осыған байланысты, департамент мамандары тұтынушыларды алкогольсіз салқын сусындарды таңдауда мұқият болуға, заттаңбадағы мәліметтерді мұқият зерделеуге, жарамдылық мерзіміне, сақтау шарттарына назар аударуға шақырады», - дейді департамент өкілі.

Департаменттің баспасөз қызметі сауда орындарында өнім сапасымен байланысты ақаулар мен заңсыздықтар байқалса, аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарынажүгіну қажеттігін айтып отыр.

Елорда бойынша 57-60-56, 57-60-59, телефондарына жәна [email protected] электронды мекенжайына, [email protected] сайтына хабарлауға болады.


Соңғы жаңалықтар