Елордада алып суреттердің байқауы басталды
Өткен жылы Қазақстанның астанасында URBAN ART ASTANA Халықаралық көше өнерінің тұңғыш фестивалі ұйымдастырылған болатын. Сол кезде қазақстандық және шетелдік суретшілер Сарыарқа ауданындағы 8 үйдің қасбетіне сурет салды. Суретшілердің арасында 310 тобы, Максим Реванш, Евгений Ches және басқа да суретшілер болды. Сонымен қатар, фестиваль аясында Мәмбетов көшесі бойында «Ашық аспан астындағы галерея» және «Кітапхана» атты бірнеше арнайы жоба іске асты.
«Осы табысты тәжірибені жалғастыра отырып, биылғы фестивальдің көкжиегі кеңейе түсті. 2019 жылы өтетін URBAN ART ASTANA тек Сарыарқа ауданын ғана емес, Байқоңыр мен Алматы аудандарын да қамтитын болады», - делінген фестивальдің ресми сайтында.
Осы жолы фестивальге Германия, Португалия, Ұлыбритания, Уганда, Индонезия, Венгрия, Ресей, Италия, Швейцария, Болгария, Испания, Румыния, Бельгия, Әзірбайжан, Мексика, Бразилия, Филиппин, Франция, АҚШ, Аргентина, Жапония, сондай-ақ, Қазақстанның бірнеше суретшісі қатысып отыр. Әділ қазылар алқасы өз бағасын берді. Енді, халық арасында дауыс жинау басталып отыр. Үздік деп танылған суреттер елорда ғимараттарының қасбеттеріне салынады. Биылғы фестивальге қатысып жатқан суретшілердің шығармаларымен мына жерде танысуға болады. Сол жерде дауыс беруге де мүмкіндік бар.
Айта кетейік, өткен жылы ҚазАқпарат тілшісі елорданы аралап, былтырғы фестивальдің жеңімпазы атанған суретшілердің шығармаларын көріп шыққан болатын.