10:56, 05 Қараша 2013 | GMT +5
Елордада әмбебап полицейлер тәулік ішінде 150 астам қоғамдық тәртіпті бұзу оқиғасын тіркеді
АСТАНА. 5 қараша. ҚазАқпарат - 1-ші қарашада қызметіне жаңадан кіріскен жол-патрульдік полиция қызметкерлері көшелерде тәулік бойы жұмыс істеп 9 қылмыс, соның ішінде қасақана дене жарақатын салу, адам тонау, ұрлық жасаған күдіктілерді ұстады. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап astana.kz хабарлады.

Жексенбі күні жол-патрульдік полиция қызметіне 103 шақыру келіп түсті, қоғамдық тәртіпті бұзудың 164 фактісі анықталды, түрлі құқық бұзушылықтар жасаған 190 адам АІІБ жеткізілді, сондай-ақ, жол қозғалысы ережелерін бұзудың 147 оқиғасы анықталды, мас күйінде көлік басқарған 3 жүргізуші ұсталды.
Еске салайық, 1 қарашада елордалық жол және патрульдік полиция қызметтері Әкімшілік полиция басқармасы болып бір құрылымға біріктірілді. Енді олар әмбебап полицейлер деп аталады. Саптық құрылымдарды біріктіру олардың өкілеттіліктерін айтарлықтай кеңейтіп, қалада орын алатын барлық қылмыстар мен оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.