Елордада ана мен бала үшін «Sabi» атты клуб жұмыс істейді
АСТАНА. Қазанның 9-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елордада ана мен бала үшін «Sabi» атты клубтың жұмыс істегеніне 1 жылдан асты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған клуб «Sabi Astana» қоғамдық қоры шеңберінде өз қызметін атқарады. Ұйым жетекшілері Жанар Нәдірмағамбетова мен Әсел Сапарғалиеваның айтуынша, қордың негізгі мақсаты халық арасында салауатты өмір салтын кеңінен тарату, перинаталды психологияның құндылығын насихаттау және алғаш рет босанған әйелдерді шынықтыру бойынша білім деңгейін арттыру болып табылады.
Сонымен қатар клуб есейген балалары бар аналармен де жұмыс жасайды. Оның барлық бағдарламалары қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Қазіргі уақытта қор екі ата-анаға бірдей «Жас отбасы клубы» атты жаңа бағдарламамен жұмыс істеп жатыр.
«Sabi Astana» қоғамдық қоры Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бастамасымен жұмыс істейді және қалалық ішкі саясат басқармасының қолдауымен ашылған.