Елордада апта сайынғы ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ауыл шаруашылық жәрмеңкелер маусымы басталды, онда қала тұрғындары отандық өнімдерді төмендетілген бағамен сатып ала алады. «Думан» ОСО алдында елордалық, Ақмола және Қарағанды облыстарынан 150 жуық жеткізуші азық-түлік өнімдерін ұсынады. Ал 29 сәуірден бастап әлеуметтік маңызды тауарларды Қ. Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионның жанынан да сатып алуға болады, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Елордада апта сайынғы ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр

Жәрмеңкелер 8 қарашаға дейін әр жұма, сенбі және жексенбі күндері сағат 9.00-18.00 өткізілетін болады. Қазіргі кезде сатып алушылар Ақмола және Қарағанды облыстарынан әкелінген тауарларға өз бағасын беріп үлгерді.

- Біздің отбасымыз үлкен, дүкенге жиі баруға тура келеді. Жәрмеңкеде өнімдер қалалық базарға қарағанда арзанырақ, ал сапасы мен дәмі бірдей, - деді елорда тұрғыны Мария Кондрикова.

Жәрмеңкеде азық-түлік тауарларының 500-ден астам түрі сатылады - ет, балық, сүт пен шұжық өнімдері, жемістер мен көкөністер, ұн, жарма, май және т.б. Жалпы, 200 тоннадан астам тауар әкелінген.

- Біз әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына баса назар аударамыз, олардың бағасы нарықтағыдан 10-15% төмен. Мысалы, қала бойынша картоптың орташа бағасы 65-70 теңге болса, мұнда - 55, қырыққабат - 250 теңге, бізде - 175. Қызанақ пен қияр бағасы 850 және одан жоғары. Ал жәрмеңкеде оны 700 теңгеге алуға болады, - дейді қалалық Ауыл шаруашылығы басқармасы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Риза Қайкенова.

Оның айтуынша, жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкелері жыл сайын өткізіледі, ал күзде өнім жиналған соң елордада аймақтық жәрмеңкелер маусымы ашылады.