Елордада «Арай» саябағында донорлық акциясы ұйымдастырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Арай» саябағында және медициналық мекемелерінде «Бір тамшы қан-бір адамның ғұмыры» акциясы өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына елорда күніне арналған мерекелік шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің медиа-штабы хабарлады.
Акцияның мақсаты - мүшкіл халге тап болған адамдарға көмектесу үшін дені сау жандарды донорлыққа тарту. Осыған орай, қаладағы көп салалы стационарлар мен трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында, №1 және 2 емханаларда, сондай-ақ «Арай» саябағында қан алу орындары ұйымдастырылады. Акция барысында 250-300 адамнан қан алу көзделген. Шара соңында мерекелік концерт өтеді.
Медициналық мекемелердің мәліметінше, бүгінде Астана қаласында қанға қажеттілік 2 есеге артып, күніне 100 литрге жеткен. Бұл жаңа медициналық нысандардың көбеюіне, көрсетілетін медициналық қызмет пен ота жасау санының артуына байланысты болып отыр. Астананың барлық медициналық ұйымдарында жылына 83 мың ота жасалады. Соның ішінде 25 мың ота барысында жоғары технологиялар қолданылады.
Шара Дүниежүзілік донор күні қарсаңында 20 маусымда №1, №2 қалалық емханаларда және 21 маусымда «Арай» саябағында сағат 10.00 басталады. Ұйымдастырушылар елорда тұрғындарын шараға белсенді қатысуға шақырып, қан тапсырып, басқа адамның өмірін сақтауға болатынын естеріне салады.