Елордада ардагерлер ұйымдарының үйлестіру кеңесін құру жөніндегі бірінші съезі ашылды
АСТАНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымдарының үйлестіру кеңесін құру жөніндегі бірінші съезі өтуде.
Аталмыш шараға Парламент депутаттары соғыс ардагерлері мен республика аймақтарындағы соғыс ардагерлері ұйымдарының өкілдері қатысуда. Жиынға қатысушылар бүгін басты үш мәселені талқыламақ.
Ол Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымдарының үйлестіру кеңесін құру. Сонымен қатар жиынға қатысушылар осы үйлестіру кеңесінің төрағасын сайлап, оның ережесі мен құрылымын бекіту үшін жұмыс тобын құруды көздеп отыр. Сондай-ақ олар ардагерлерге қатысты қазіргі таңдағы ең өзекті деген мәселелерді де талқыға салмақ.
Жиын барысында күн тәртібіндегі мәселеге қатысты сөз қозғаған «Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, генерал-майор Мұрат Нағыманов Ардагерлер ұйымдарының үйлестіру кеңесін құру мемлекет пен қоғам алдында тұрған өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселесін реттеуге мүмкіндік беретін игілік екендігін атап өтті. «Сонымен қатар осы кеңес арқылы біз соғыс ардагерлері мен олардың туған-туыстарына қол ұшын созу бағытындағы мәселелерді де шешуге мүмкіндік аламыз»,-деді қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары.
Ардагерлер жиын барысында ауған соғысы ардагерлерінің мәселесіне қатысты заң жобасы жөнінде де өзара пікір алмаспақ. «Бұл құжаттың басты мақсаты - ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесін көтеру. Бүгін біз осы заң жобасын жан-жақты талқылап, бір айдың көлемінде тиісті құжаттарды реттеп, Парламенттің қарауына беруді көздеп отырмыз. Қазіргі таңда ауған соғысының ардагерлері тек Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтардың қатарында. Ал шын мәнінде соғыстың аты соғыс. Ұлы Отан соғысының ардагерлері күннен-күнге азайып барады. Осы ретте жастардың бойында отансүйгіштік пен патриоттық сезімді қалыптастыру үшін ауған соғысының ардагарлеріне де арқа сүйейтін кез жетті деген ойдамыз. Өйткені олар кешегі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлік істерінен үлгі алып, соғыс деген тажалдың адамзатқа қаншалықты қайғы-қасірет әкелетінін көзімен көріп, жанымен сезінген азаматтар. Олар шын бейбіт өмірдің не екенін біліп, Отан, туған жер деген қасиетті ұғымдардың қадіріне жете білген азаматтар»,-дейді Алматы облысы ауған соғысы ардагерлерінің ұйымының төрағасы Қайрат Жаңабаев.
Сондай-ақ оның сөзінше жаңа құжатта соғыс ардагерлеріне берілетін жеңілдіктер мен ардагерлерге және олардың туған-туыстарына көрсетілетін көмек сияқты өзге де кең ауқымды мәселелер қамтылмақ.