Елордада аса қатыгездікпен жасалған қылмыс ашылды

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты той іс-шараларына қызмет көрсетумен шұғылданатын қымбат автокөліктің жүргізушісі қылмыскерлердің құрбаны болған. Сол күні оған ұялы телефонына хабарласып, кездесу жөнінде келіскен.
4 жас жігіт арам ойларын жүзеге асыру мақсатында алдын-ала жәбірленушімен сөйлесу үшін ұялы телефондар сатып алып, өздерінің залым ойларын жоспарлаған. Олардың жоспарлары мынадай: қымбат автокөлікті жалға беру қызметі туралы ақпарат бар газеттегі хабарландыруға телефон шалып, олар жолаушыларды тасу мақсатындағы сылтаумен алдын-ала кездесуге келісіп, кейін автокөлік иесін соққыға жығып, көлікті алып кету.
Келісілген жерде қылмыскерлер автокөлікті тартып алу жоспарын көздеген.
Белгіленген жерге келгендердің ішіндегі екеуі пышақты суырып алып, автокөлік иесіне бірнеше жарақат салған. Қылмыс іздерін жасыру мақсатында мәйітті Дулатов көшесінің бойындағы ағаштардың арасына тастаған.
Қылмыстық топтың мүшелерінің әрқайсысына рөлдер бөлінген. Біреуіне көліктің қосалқы бөлшектерін сатушы рөлі бөлінсе, екіншісі делдал рөлін атқарған, ал екеуі көлік иесін өлтіруді іске асырған.
«Мерседес Бенц» маркалы S-тобының автокөлігі еш кедергісіз қылмыскерлердің қолында болған уақытта біреуі өзінің немере ағасымен автокөліктің қосалқы бөлшектерін сатуға келіскен.
Дәл осы күні 2011 жылдың 17 тамызында Астана қаласы Сарыарқа ауданы ІІБ-ның кезеші бөліміне «С» азамат өзінің автокөлігімен шығып кеткен ұлының жоғалғаны туралы және қазіргі кезге дейін оның қай жерде екені белгісіз екендігі туралы арыз жазған.
Астана қ. ІІД Жедел басқару орталығының бейне бақылау камерасының көмегімен жәбірленушінің автокөлігі қай бағытта жүріп бара жатқаны анықталды.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде осы көлік қоғамдық автотрақтардың аумағында табылған.
Астана қ. ІІД сақшы қызметкерлері хабар-ошарсыз жоғалған жүргізушінің бет-әлпетіне ұқсас келетін бірнеше пышақ жарақатымен мәйітті тапқан.
Астана қ. ІІД-нің бастығы полиция генерал-майоры А.А. Әубәкіровтің айтуынша, осы ауыр қылмысты ашуға жедел-тергеу тобы құрылып, үш апта бойы тынымсыз жұмыс атқарылды.
Жедел-іздестіру шарасын жүргізу барысында қылмыстық топты ұстау бойынша жан-жақты, толыққанды жоспарланған операциясының арқасында жедел уәкіл қызметкерлері мен арнайы мақсаттағы «Арлан» бөлімінің жауынгерлері осы қылмысты жасаған қылмыстық топтың құрамындағы 4 адамды ұстады.
Қазіргі кезде ҚР ҚК-нің 96-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған барлық тұлғалар Астана қ. ІІД Уақытша оқшаулау орнына қамауға алынды.