Елордада асфальтті жууға арналған сусабындардың қауіпсіздігі тексеріледі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрлігі жол жабынына арналған сусабындардың қауіпсіздігін тексермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Барлық сусабындар мен қатқан мұзға қарсы материалдар қауіпсіздік бойынша сертификаттаудан өтуі керек. Бұл жағдайда аталмыш материалдар тұрғын үй секторында, адамдар тұратын жерде қолданыла бастайды. Сөзсіз, бұл материалдарды бақылауға аламыз. Әлбетте, қазіргі уақытта сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ, аталмыш жағдайда жол жабынына арналған сусабындар қауіпсіздік бойынша сертификаттаудан өтеді», - дейді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы - Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетсек, астананың коммуналдық қызметтері көшелерді қысқы қалдықтардан тазарту үшін арнайы сусабынмен жууды қолға алатыны бұған дейін хабарланған болатын. Бұл туралы қала әкімі Бақыт Сұлтанов Фейсбуктегі парақшасында жазған еді.
Айта кетерлігі, бұған дейін Жандарбек Бекшин тауар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 2019 жылдың 1 тоқсанында жүргізілген жұмыс қорытындысын жариялаған болатын.