Елордада Ashyq niet балалар форумы өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада Ashyq niet балалар форумы өтіп жатыр. Іс-шара қатысушыларына Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов құттықтау жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада Ashyq niet балалар форумы өтіп жатыр

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай бүгінгі форумның өскелең ұрпақтың дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлесін қосып, тиімді диалог пен мүмкіндіктер алаңы болатындығына сенімдімін. Балалар мен мамандарды бір алаңға жинау арқылы жас буынның ойын, тілегін ести аламыз. Жас ұрпақтың өмір сүру деңгейін жақсарту - барлығымыздың ортақ міндетіміз. Баршаңызға сәттілік, дендеріңізге саулық, бақ-береке тілеймін», - делінген қала әкімі Алтай Көлгіновтің құттықтауында.

Ashyq niet балалар форумының мақсаты – үлкен алаңда балалар мен ересектерді ұштастыру. Форум барысында Астана, Тараз, Шымкент, Петропавлдан келген 12-ден 18- жасқа дейінгі оқушылар түрлі тақырыпта әзірленген баяндамаларын жасайды. Жалпы, форумға 300 баяндама келіп түскен.