Елордада «Ashyq» жобасына қатысатын нысандар саны 700-ден асты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Ashyq» жобасымен жұмыс істеуге ниет білдірген кәсіпкерлік нысандар қатары күн санап артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала әкімдігінен мәлім еткендей, қазіргі уақытта «Ashyq» жобасына 714 кәсіпкерлік субъектісі қатысады. Оның ішінде 57 фитнес-клуб, 24 спа-орталық, 17 бассейн, 3 боулинг-клуб, 37 компьютерлік клуб, 29 сауна, 494 қоғамдық тамақтану ұйымы, 10 кинотеатр, 5 театр, 5 концерттік ұйым, 9 бильярд клубы, 3 көрме орталығы, 21 ерікті қатысушы бар.
«Ashyq» пилоттық жобасының негізгі мақсаты — келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қоғамдық мекемеге кірер алдында пайдаланушы арнайы QR-кодты сканерлейді және оны кіреберістегі әкімшіге ұсынады. Код келушінің мәртебесін анықтайды. Әр түске сәйкес мәртебе келесідей мағына береді:
«Қызыл» мәртебе — ПТР-тест тапсырып, коронавирус анықталған адамға беріледі. Мұндай мәртебе иелері үйде оқшаулану режимін қатаң сақтауы тиіс.
«Сары» – байланыста болған адамдарға берілетін мәртебе. Оларға азық-түлік алуға немесе үйдің жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етілгенмен, басқа қоғамдық орындарға баруына тыйым салынады.
«Көк» — ауру жұқтырған адамдармен байланыста болған адамдар есебінде жоқ, ПТР-тест талап етілетін жерлерден басқа кез келген орында еркін қозғалу дегенді білдіреді.
«Жасыл» – жүріп-тұруында шектеу жоғын білдіреді, мұндай адам базада COVID-19 індетіне ПТР-тестілеуі теріс нәтиже көрсеткен пайдаланушы болып саналады.