Елордада Ashyq жүйесіндегі қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты қысқартылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құжатта Ashyq жобасына қатыспайтын қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс уақыты алдыңғы қаулы бойынша қалғаны жазылған.
«Қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысын (үй-жайда), мейрамхана, дәмхана және кофеханалар типі бойынша, орналасқан жеріне қарамастан, күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды және көршілес үстелдердің шеткі орындары арасында кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, орындар жүктелімі бойынша 50%-ға дейін, бірақ 30 орыннан аспайтын шарттарды сақтай отырып, жұмыс күндері сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін, сенбі және жексенбі күндері жұмыстарына тыйым салумен және ашық ауада отыратын орындарының саны 30-дан аспайтын (жазғы залдарда) жұмыс және демалыс күндері сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс кестесін белгілей отырып, тамақты штаттық режимде жеткізу және шығару арқылы қызмет көрсетеді», - деп жазылған қаулыда.
Ал Ashyq жобасына қатысатын банкет залдары, мейрамханалар мен дәмханалар үшін жұмыс және демалыс күндері үй-жай ішінде сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін, ашық ауада (жазғы залдарда) сағат 7:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс режимі белгіленді.
Сонымен қатар, Ashyq жобасына қатыспайтын нысандарда банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар мен еске алу рәсімдерін ұйымдастыруға және өткізуге қатаң тыйым салынып отыр.
Құжат 4 шілде күнгі сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.