Елордада әскери әртістер автобус жолаушыларына ән шырқап берді
«Кеше №10 автобуста ерекше концерттің куәгері болдым. Жобаны Ұлы Жеңіс күніне орай Қорғаныс министрлігі әзірлеген. Әскери ансамбльдің әншілері ән шырқап қана қоймай, кейбір жерлерде би билеп, тұрғындардың көңіл-күйін көтеруге тырысты. Осындай әсерлі әрі тосын шара ұйымдастырғандарыңыз үшін рахмет»,- деп жазды Астана қаласының тұрғыны өзінің Фейсбуктегі парақшасында.
ҚР Қорғаныс министрлігі акцияның 7 мамыр мерекесі қарсаңында ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына және 9 мамыр Жеңіс мерекесіне орай өткізілгендігін айтты. Флешмобты өткізу үшін жұмыс уақытының соңы арнайы таңдалып алынған.
«Алматыда да дәл осындай акцияны ұйымдастыру жоспарлануда. Бірақ автобуста емес, метрода. Оған «Киров» әскери-патриоттық клубының балалары тартылатын болады», - деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Қорғаныс министрлігінің мерекелік акциялары мұнымен аяқталмайды. 7 мамырда Астана қаласының қонақтары мен тұрғындары үшін әскери шеруден басқа «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында Құрмет қарауыл ротасы қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін, сондай-ақ қаруды қолданып және қарусыз ұрыс қимылдарын көрсететін болады.