Елордада «Астана» балалар әндері екінші раиофестивалінің гала-концерті өтті
АСТАНА. Мамырдың 24-і. ҚазАқпарат - Сенбі, мамырдың 22-сі күні елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында «Астана» балалар әндері екінші раиофестивалінің гала-концерті өтті.
«Астана» радиосының ұйымдастыруымен ағымдағы жылы наурыздың 22-інде басталған конкурсқа қатысушылар әр жұма сайын эфир арқылы өз өнерлерін тыңдармандарға паш еткен болатын. Жеңімпаздары ұялы телефонның смс-дауыс беру жүйесі арқылы анықталған мәдени шараның гала-концертіне 4 пен 16 жас аралығындағы 20-дан астам бала қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
«Астана» радиофестивалінің директоры Әлия Ахметова барлық балалардың өз дәрежелеріне сай таланты әрі өнері болды деген пікірін алға тартады. «БАҚ-тарда балалар шығармашылығын насихаттау тек танымал музыкалар ғана заманауи эфирді толтырып отырған кезде өте өзекті», дейді ол.
Жоба аясында патриоттық және халық әндері қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шырқалды. Астана қаласының, Ақмола мен Қарағанды облыстарының жас өрендері қатысқан шараға арнайы келген қазақ эстрадасының жұлдыздары Дос пен «Не все сказано» тобы өз репертуарларында орын алған әндерді шырқады.
Гала-концерттің соңында ұялы телефонның смс-дауыс беру жүйесі арқылы анықталған фестивальдің жеңімпазы жарияланды. Сонымен «Астана» балалар әндері екінші раиофестивалінің гран-приі Кәусар Өтепбаеваға бұйырды. Ал жоғары және кіш топтар бойынша бірінші орындарды 12 жастағы Темірлан Тоқтаров пен 10 жасар Айнұр Иманқұлова еншіледі. Сонымен қатар барлық қатысушылар ынталандыру сыйлықтарына ие болып, арнайы дипломдармен марапатталды және «Жас Отан» жастар қанаты тағайындаған сыйлықтар табыс етілді.