Елордада Астана күніне арналған бұқаралық веложарысқа 3 мыңнан астам адам қатысты (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Астана күні мерекесі аясында бұқаралық веложарыс өтті. Марафонға «Астана» велокомандасының белгілі спортшылары, эстрада жұлдыздары, мәдениет қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Веломарафон 4600 метр қашықтыққа созылды. Қатысушылар марафонды «Салтанат сарайы» ғимаратының алдынан бастап, «Астана-Арена» стадионының алдында мәреге жетті.
«Бүгін күні қаламызда велоспорт өте танымал спорт түріне айналды. Шараға 3 мыңнан астам адам қатысты. Айта кеткім келеді, бүгінде барлық спорт түрлері Мемлекет басшысының қолдауының арқасында қарқынды дамып келеді. Алда келе жатқан Елорла күнімен барлықтарыңызды қала әкімінің атынан құттықтаймын», - деді шараға қатысушыларлы күтіп алған Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
Осыдан кейін мәре сызығын бірінші болып кесіп өткен қатысушыларға велосипед, ноутбук және теледидар сынды бағалы сыйлықтар табыс етілді. Веложарыстың ең жас қатысушысы үш жасар Алина Әлиқызы болса, ең ересек қатысушы 68 жастағы Жақсыбай Айымбетов болды.
Велоспорт - Астанада ең қарқынды дамыған спорт түрлерінің бірі. Атап өтейік, бүгінде «Астана» велокомандасы тек елорданың емес, бүкіл Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген брендке айналды. Бұл спортқа деген қызығушылықтың артуын ескере отырып, Астана күнін тойлау аясында жыл сайын бұқаралық велосайыс ұйымдастыру ұйғарылған болатын.