Елордада «Астана - тең мүмкіндіктер қаласы» көрме-фестивалі өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Отан қорғаушылар» монументінің алдындағы алаңда «Астана - тең мүмкіндіктер қаласы» көрме-фестивалі өткізілуде. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында хабарланған.

Елордада «Астана - тең мүмкіндіктер қаласы» көрме-фестивалі өтіп жатыр

Шараға 34 техникалық және кәсіби колледж оқушылары қатысуда. Негізінен ол жалпы білім беретін мектептердің 9-шы және 11-ші сыныптарының түлектеріне және жұмыс берушілерге арналған. Фестиваль барысында концерттік бағдарлама, көрме және шеберлік сыныбы өткізіледі. «Әнім саған арналады, Астанам!» концерті аясында колледждердің көңілділер мен тапқырлар клубының жеңімпаздары және жүлдегерлері өнер көрсетеді, ал басқару колледжінің модельдері көпшілік назарына дефиле ұсынады. Сонымен қатар мұнда келушілер би өнері мен флешмобты тамашалайды. Екінші бөлімдегі көпқырлы көрмеде техникалық және кәсіби оқыту орындарының студенттері жинаған роботехниканың 5 түрі, боди-арт, көркемдік жұмыстары, шаш өру шеберлігі және т.б. ұсынылады. Шеберлік сыныбы аясында студенттер түрлі тағамдар әзірлеп, шаштараз өнері, дәнекерлеу жұмысы т.б біліктіліктерін көпшілікке паш етпек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль нарықта сұранысқа ие техникалық мамандықтар рейтингін көтеруге септігін тигізеді. Ол болашақ мамандығын таңдап үлгермеген оқушыларға бағытталған. Айта кетейік, сағат 15.00-де бастаған шара кешкі сағат 18.00-ге дейін созылмақ.