Елордада «AstanaParkLand» қалалық саябақтар фестивалі өтіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «AstanaParkLand» қалалық саябақтар фестивалі өтіп жатыр. Ашық аспан астындағы алаңдарда қала тұрғындары мен қонақтары түрлі қызықты конкурстарға қатысып, музыкалық бағдарламаларды тамашалауда.

 Елордада  «AstanaParkLand» қалалық саябақтар фестивалі өтіп жатыр

 Мерекеге орай үш саябақта гүлден «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің белгісі жасалды. Астаналықтар ұшақ пен пойызға билет алмай-ақ, түрлі мемлекеттерді көріп қайтады. Бұл жаңа технологиялар да емес, қиял да емес. «Astana Park Land» фестивалі аясында «Жерұйық», «Арай» және «Астаналық» саябақта ЭКСПО көрмесін өткізу тарихы баяндалады. Олардың  әрқайсысы құрлықтарға бөлінген. «Арай» саябағында (жасыл түс) Солтүстік және Оңтүстік Америка, Канада және Бразилия мемлекеттеріорналасады.Сағат 11-ден 20.00 дейін қонақтар түрлі іс-шараларды тамашалайды, мехенди (қынамен сурет салу), аквагрим, латынамерикалық би және т.б. шеберлік дәрістері өтеді. «Арай» паркінде оңтүстікамерикалық фалабелла тұқымынан шыққан кішкентай ат жүреді. Ол мерекеге орай елордаға арнайы әкелінді. «Астаналық» парк көк түске боялады. Мұнда халықаралық көрмені өткізген Еуропа мен Австралия мемлекеттері көрсетіледі. Қызғылт-сары түске боялатын «Жерұйық» паркінде Азия мемлекеттерінің Жапония, Корея, Қытай және Қазақстанныңмәдениетімен танысуға болады.

Сонымен қатар, барлық парктерде күні бойы аниматорлар, бойшаң қуыршақтар жүреді, ал ең кішкентай елордалықтар үшін интерактивті халық ертегілері айтылады. Мұнымен қоса, «Жерұйық», «Арай» және «Астаналық» парктерде ашық аспан астындағы жазғы кинотеатр ашылды. Астана тұрғындары мен қонақтары көк шалғынға немесе түрлі түсті жұмсақ орындықтарға отырып, «Қазақфильм» киностудиясының әр жылдардағы үздік анимациялық және көркем фильмдерін тамашалай алады.