Елордада «Ата-аналар - SOS аумағы» жобасы мүгедек балаларға көмектесуде
АСТАНА. Шілденің 16-сы. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін елорданың «Бәйтерек» халықаралық медиа-орталығында «Ата-аналар - SOS аумағы» әлеуметтік мәнді жобасының таныстырылымына арналған баспасөз мәслихаты өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана қаласының мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отырған шараның мақсаты - мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін және оқытатын ата-аналарға психологиялық және заңдық көмек көрсету. Аталмыш жоба наурыздың 19-20-сында ҚР Тұңғыш Президентінің қоры мен Халықаралық қазіргі заманғы саясат институты ұйымдастырған әлеуметтік идеялар жәрмеңкесінде грант ұтып алды.
«Біз ата-аналарға әртүрлі тренингтер мен заңдық семинарлар өткізу, сондай-ақ «Жанды тас» арт-терапия бойынша тренингтер ұйымдастыру арқылы қолдау көрсеткіміз келеді. Жобалар аясында заңгерлер мен психологтар тегін консультациялар өткізеді», дейді жобаның үйлестірушісі Айгүл Болатова. Кездесуге қатысқан ата-аналардың бірі аталмыш жобаның мәні өте зор екендігін атап өтті. «Қоғамдық бірлестіктің шаралары барысында баламыз екеуміздің көп нәрсеге көзіміз ашылды. Заңгерлерден де, психолог мамандардан да тегін, әрі бағалы кеңестер алдық. Балам мүгедек болғандықтан не мектепке, не балабақшаға бара алмайды. Ал дәрігерге барсаң, мұндай ақпараттар ала алмайсың», деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Астана қаласы бойынша 18 жасқа дейінгі 1246 мүгедек жасөспірім бар. Өткен жылдары бұл көрсеткіш 900-ден астам адамды құрайтын. Сондықтан осындай жобалар мен бастамаларды қолға алу, жүзеге асыру аса маңызды.