Елордада атаулы әлеуметтік төлемнен отбасылардың 96% қағылған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада атаулы әлеуметтік көмек алуы тиіс отбасылардың 96 пайызы тиесілі қаражаттарынан қағылған. Бұл туралы бүгін қала халқының алдында есеп беріп жатқан елорда әкімі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңіз білесіздер, қала маңындағы ескі үйлер сүріліп жатыр. Олардың орнына заманауи талапқа сай, көпқабатты, айналасында мектеп-балабақшасы, емхана-дәріханасы және тағы да басқа әлеуметтік инфрақұрылымы қамтылған пәтерлер салынып жатыр. Яғни, көпбалалалы аналарды пәтермен ғана қамтып қоймай, бүгінгі күннің керегіне сай жағдайлармен қамтамасыз етеміз», - деп атап өтті қала басшысы.
Оның айтуынша, көпбалалы отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі болып отыр. Бүгінде мұндай 10 мың отбасының шамамен 4 пайызы ғана есептеу әдістемесінің ерекшеліктеріне байланысты атаулы әлеуметтік көмек алады.
«Бұл өте төмен көрсеткіш. Қаншама ақша бөлінгенімен, біз осынау тиесілі ақшаны оларға жеткізе алмай отыр. Ал, бұл, олардың ақшасы ғой. Мұндай жайт қалай орын алған? Біз мән-жайды тыңғылықты зерделеп шықтық. 25 мың отбасының әрбірін қарастырдық», - деп атап өтті ол.
Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта дәл осы мәселе әкімдіктің басты міндеті болып отыр.
«Тіркелген барлық отбасы өздеріне тиесіліні алуы тиіс. Ал тіркелмегендер біздің назарымызға ілігуі қажет. Барлығы нақты түсінуі үшін - бұл Елбасының бізге жүктеген тапсырмасы. Әлеуметтік қорғау - бұл №1 басымдық. Сөз тек қана көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылар жайында ғана емес, мүгедектер, зейнеткерлер, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері және өзге де санаттағылар турасында болып отыр», - деді Б.Сұлтанов.