Елордада атқарылмаған жұмысты қабылдап алған кәсіпорын басшылары сотталды
АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Төтенше жағдайлар министрлігінің Мемлекеттік материалдық резервтер комитетіне қарасты «Автоматика» республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалының басшылары пара алғандары үшін сотталды.
Бұл оқиға жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте Астана қалалық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Ерлан Рахымбеков айтып берді.
Оның айтуынша, аталмыш кәсіпорын филиалының директоры Ж.Байжұманов пен оның орынбасары А.Құрманбаев жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің атқарылған жұмыстарын қабылдау актісіне тиісті шаралардың атқарылмағандығына қарамастан қабылданды деп қол қойған. Бұл үшін басшылар 500 мың теңге көлемінде пара алған. Осыған қарай кәсіпорын филиалының директоры 6 айға, ал оның орынбасары 2 жылға сотталды.