Елордада ауаның ластануына қандай фактор әсер етеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада желдің тармақтарына зәулім ғимараттар әсер етіп жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында ауа сапасына арналған конференцияда Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Орталық Азиядағы ауа сапасына мониторинг» атты конференция барысындағы баспасөз мәслихатында елордадағы ауаның тазалығы бойынша жел бағыттары мен тармақтарының өзгеруіне қандай факторлар әсер ететіні, осы орайда қаланың маңындағы «жасыл белдеу» мен қала құрылысының ықпалы сұралды.
«Қалада жоспарсыз зәулім үйлерді салу желдің бағытына, желдің жылдамдығына әсер етеді. Қаланың ішінде көптеген зәулім ғимараттар салынып жатыр, бұл тұрғыда жел тармақтары мәселесі ескерілмейді. Екіншіден, «жасыл белдеуге» тоқталсақ, нақты осыған қатысты ғылыми зерттеулер жүргізілмеді. Бірақ, кезінде «жасыл белдеу» елорданы қатты дауылдардан қорғау мақсатында отырғызылған еді. Сондықтан оның әсері бар, бірақ қаншалық екенін айту үшін ғылыми зерттеулер жүргізу керек», - деді Л. Маликова.

Бұл ретте ол ауаның тазаруына тек жел ғана әсер етпейтінін, осы салада ластау көздерін азайтуға мән беру керек екенін атап өтті.
«Көмірден газ жағуға көшсек, жылу беру маусымында зиянды заттар азаяды. Сол арқылы Қазақстанның орталық, солтүстік және шығыс бөлігінде және Алматы қаласында ауаның сапасын әлдеқайда жақсартуға мүмкін болады», - деді қауымдастық төрайымы.
Оның айтуынша, елорданың ішінде аудандардың ішінде Оңтүстік-Шығыс бөлігінде ауа жиі ластанады.
«Биыл жазда осы бағытта газға қосылу жұмыстары жүргізілді және әлі де жалғасып жатыр. Биылғы жылыту маусымында ауа сапасын осы жерден қараймыз. Ол жерде кейбірі әлі де газға қосылмаған сыңайлы», - деді Лаура Маликова.
