Елордада ауыр жүк көліктері қозғалысына бақылау күшейтілді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада ауыр салмақты автокөліктер қозғалысын бақылауды күшейтті.

Көлік министрлігіне қарасты автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің мәліметінше, аталған шара жолдардың мерзімінен бұрын тозуын алдын алуға және елордада жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында қолға алынды.
Көліктік бақылау жұмысын атқару үшін 6 жылжымалы бекет пен 40-қа жуық инспектор жұмылдырылған.
Елордада жүк көліктері қозғалысын бақылау биыл 7 наурызда күшейтілді, аталған шара биыл қыркүйекке дейін жалғасады және алдағы уақытта бақылауды күшейту барлық өңірде енгізіледі.
— Бақылау жұмысы жылжымалы бекеттер мен арнайы автоматтандырылған өлшеу станциялары арқылы қаланың негізгі кіреберіс жолдарында жүзеге асырылып жатыр. 1400-ден астам жүк көлігі тексеріліп, 600-ден хаттама толтырылды, — дейді мамандар.
Көліктік бақылау комитетінің мәліметінше, рұқсат етілген нормадан тыс жүк тасу жолдардың мерзімінен бұрын тозуына әкеледі. Сондықтан да белгіленген жүк тасу параметрлерін қатаң сақтау қажет.
Бірер ай бұрын «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ көктемде уақытша жүрісті шектеудің жыл сайынғы қолданылу мерзімдеріне сәйкес жеке білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан артық автокөлік құралдарының жүрісіне шектеу енгізілетінін хабарлаған еді.
Еске салайық, былтырдан бастап техникалық регламентке сәйкес келмейтін жүк көліктерін елге кіргізбеу үшін тексеру жүргізіле бастады.