Елордада ауыр атлетші балалардың сайысы өтеді
Жарысқа Астана қаласының, Ақмола және Қарағанды облыстарының балғын (1999-2000 жылы туғандар және одан да кішкентай) 27 спортшысы қатысады. Болашақта турнир шеңберін кеңейту көзделген. Жарысқа спорттан дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттардың тәлімгерлері қатысады.
Жекелей және командалық жарыс болады. Балалар 42, 46, 50, 56 және 62 кг салмақ дәрежесінде, ал қыздар 44, 48, 53 және 58 кг салмақ санатында сайысқа түседі. Атап өту керек, мұндай жарыстар жастардың талантын дамытып, мүмкіндіктерін арттырады. Облыстық жарыста жақсы нәтиже көрсеткен спортшылар болашақта облысаралық, республикалық, құрлықаралық, кейін әлемдік чемпионаттарға да қатыса алады.
Астана қаласының ауыр атлетика федерациясы жас дарындыларды ынталандыруға көп көңіл бөледі. Жарыс жүлдегерлеріне медальдар, дипломдар және бағалы сыйлықтар ұсынылады.
Федерация балаларға арнап экскурсия ұйымдастырмақ. Оның ішінде елордадағы Океанариумды тамашалау да бар.