Елордада ауыз судың бағасы көтерілуі мүмкін

АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны елордадағы ауыз су бағасын 15-20 пайызға көтеруді ұсынып отыр,

Елордада ауыз судың бағасы көтерілуі мүмкін

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Астана қаласы Алматы ауданының әкімдігінде өткен сарапшылар кеңесінде осы мәселе бойынша есеп берген «Астана су арнасы» МКК-сының бас директоры Жаңбыршы Нұркеновтің айтуынша, бүгінде қаланың өсуіне байланысты оның аумағына кіретін елді мекендерді су құбыры жүйесімен қамту және  коммуналдық жүйелерді жаңарту үшін қыруар қаржы қажет. «Қазіргі кезде біздің бюджетімізге жыл сайын 1,5 млрд. теңге түседі. Өкінішке орай, бұл қаражат бізге жүктелген міндеттерді толығымен орындауға мүмкіндік бермей отыр. Ал судың бағасын 15-20 пайызға көтерудің арқасында біз 3 млрд. теңге көлеміндегі жылдық межеге шығып, қаладағы су инфрақұрылымын дамыту мен жаңарту саласындағы біраз жұмыстарды атқара аламыз», дейді Ж.Нұркенов.  Ол атап өткендей, судың жаңа тарифін келесі жылдың басынан енгізу ұсынылған.

Ал ҚР Табиғи монополияларды реттеу  агенттігі департаментінің директоры Абзал Естаевтың сөзіне қарағанда, алдағы уақытта Астана қаласында 3 жылға есептелген судың нақты тарифін енгізу көзделіп отыр.