Елордада «автобус» жедел алдын алу іс-шарасы басталды

Бұл туралы бүгін Астана қалалық ІІД-інде өткен апталық брифингте аталған ведомствоның Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораз айтты.
Оның айтуынша, өткен жылы қоғамдық көлік жүргізушілерінің кінәсінен 12 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 1 адам қаза тапса, 13 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Осыған орай жол полициясының қызметкерлері қоғамдық жолаушылар көліктерінің қатысуымен орын алатын апаттардың, жол қозғалысы және жолаушылар тасымалдау ережелерінің бұзылуының алдын алу, сондай-ақ көліктегі ақауларды анықтау мақсатында аталған іс-шараны қолға алып отыр. Шара барысында Жол полициясы басқармасы мен Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлері автобустарды соңғы аялдамаларға дейін тексермек. Оған екі басқармадан да арнайы қызметкерлер бөлінген.
«Ол қызметкерлер азаматтық киіммен жолаушы ретінде автобусқа мініп, жүргізушінің қандай жол ережесін бұзғандығын бақылап отырады. Соңғы аялдамаға келген соң жол ережесі бұзылған жағдайда қоғамдық көлік жүргізушісіне әкімшілік хаттама толтырады», дейді Н.Ораз.